Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Төрехан Сабырхан туралы маңызды мәлімдеме жасады.
Бұған дейін жарияланған алдын ала тізімде Төрехан Сабырханның есімі болмаған еді. Ал енді бапкер оның 70 келі салмақта бақ сынайтынын ресми растады.
"Бұрын алдын ала жарияланған құрам бір-екі ай бұрын жасақталған. Біз ол кезде он боксшының атын атадық. Азия немесе әлем чемпионатында әр ел бір салмаққа екі спортшыдан тіркей алады. Осы жолы да солай жасадық. 50 келіде Санжар Тәшкенбай мен Даниял Сәбит, 55 келіде – Махмұт Сабырхан мен Нұрсұлтан Алтынбек, ал 70 келіде Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырхан рингке шығады", – деді Қайрат Сәтжанов.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан — жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы. Бұл – ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже.
Ол сәуірде кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, жаңа кезеңге қадам басты. Енді әуесқой рингке қайта оралып, ұлттық құрама сапында әлем кубогында өнер көрсетпек.