Қазақстандық ММА файтері Әліби Ыдырыс АҚШ-та өтіп жатқан UFC жобасы – The Ultimate Fighter (TUF) шоуында кезекті сенсация жасады. Ол кезекті серияда өзбекстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, UFC келісімшартына бір қадам жақындады.
Кәсіпқой ММА-де 11 жеңіс қатарынан тіркеген Әліби Ыдырыс жеңіліп көрмеген қазақ файтері. Қазір ол UFC-дің басты жобаларының бірі болып саналатын The Ultimate Fighter реалити-шоуында бақ сынауда. Бұл жоба — UFC келісімшарты үшін күресетін болашағы зор спортшыларды іріктеудің басты алаңы.
Шоудың бесінші эпизодында Әліби Ыдырыс Чейл Соннен баптайтын команда өкілі — Фуркатбек Йокубовпен (15-4) жекпе-жек өткізді. Екубов — Belarusian Fight Championship чемпионы, тәжірибесі мол өзбек файтері. Алайда қазақстандық спортшы еш мүмкіндік қалдырмай, үш раунд бойы үстемдік танытып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Жекпе-жекті осында көре аласыз.
Әліби Ыдырыске TUF шоуында UFC тарихындағы ең мықты ауыр салмақтағы чемпиондардың бірі — Даниэль Кормье жетекшілік етуде. Бұл – Әліби үшін үлкен тәжірибе мен жаңа белестерге жол ашатын мүмкіндік.