
Қазақстандық талант Төрехан Сабырханға қатысты бапкер Қайрат Сәтжанов пікір білдірді.
Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасының бапкері Қайрат Сәтжанов "Спорт Министрі" YouTube арнасына берген сұхбатында Төрехан Сабырханның болашағы туралы ашық айтты. Оның айтуынша, төрт дүркін Азия чемпионының кәсіпқой боксқа ауысуы – әзірге күн тәртібінде емес.
“Ол әзірге ешқайда кетпейді. Егер Странджа кубогындағы жекпе-жектерін көрсеңіздер, бұл – оның ересектер арасындағы алғашқы жарысы еді. Жартылай финалда ол Әзербайжан құрамасының бірінші нөмірін жеңді, ал финалда екінші нөмірден басым түсті. Бұл кездесулер оған өте ауыр тиді. Себебі, жасөспірімдер боксы мен ересектер боксы екі түрлі әлем. Қарсыластары оның қорғанысын бұзып өтті. Физикалық тұрғыдан әлі де жұмыс істеу керек екенін түсінді. Сол себепті әкесі үйіне турник пен брусья орнатып берді. Төрехан еңбекқор, мақсатына берік. Ақпан айындағы Төрехан мен қазіргі Торехан – екі түрлі боксшы. Ол айтарлықтай күш жинады”, – дейді Сәтжанов.
Төрехан Сабырхан – Азия чемпионатының тарихында жасөспірімдер мен жастар арасында төрт рет жеңімпаз атанған тұңғыш боксшы. Бұл көрсеткіш оны ерекше деңгейге көтереді. Оның техникалық арсеналы мен тактикалық ойыны да мамандар тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Ересектер санатына өткен соң Төрехан 2025 жылы Софияда өткен "Странджа кубогын" және Бангкоктағы Thailand Open-ды жеңіп алды. Бұл – халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі табыстары. Сонымен қатар кәсіпқой бокс аренасында да дебют жасап үлгерді.