Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Диёра Келдиёрова дайындық кезіндегі жарақаттары мен ауыр сәттерін бөлісті.
Өзбекстандық дзюдошы, Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Диёра Келдиёрова жеке парақшасында өзінің дайындық барысындағы ауыр сәттерін көрсетті.
Спортшы жариялаған видеода жарақаттар, көз жас, шаршау мен үздіксіз жаттығулар бейнеленген. Бұл кадрлар оның Олимпиадаға дейінгі жолының оңай болмағанын дәлелдейді.
"Олимпиадаға апарар жол...", —деп жазды Келдиёрова Instagram парақшасында.
Еске сала кетейік, Келдиёрова 1/16 финалда жапониялық дзюдошы, Токио Олимпиадасының чемпионы Абэ Утэге қарсы күресті. Ол бұл белдесуде иппон тәсілімен 10:1 есебінде таза жеңіске жетіп, сенсация жасады.
Финалда Диёра Косово елінің өкілі Дистрия Красничиден басым түсіп, Өзбекстанға дзюдодан алтын медаль сыйлады.
Жақында Диёра Келдиёрова ана атануға дайындалып жүргенін мәлімдеді. Соған қарамастан 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысуды армандайтынын да жасырмады.