Әйелдер арасында бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай ел құрамасының қазіргі жағдайы мен бапкерлердің қарым-қатынасы туралы ашық мәлімдеді. Жетекші боксшы Instagram парақшасында Елдос Сайдалин жетекшілік ететін оқу-жаттығу жиыны жайлы жанайқайын жеткізді.
"Таңғы жаттығу жаңа ғана аяқталды. Бүгін бізді ағайлар шынымен “өлтіріп” жіберді. Баспалдақпен әрең көтерілудеміз. Бүгін мен шын мәнінде “өліп” қалдым! Ең бақытты жандар — біздің ағайлар. Олар шетте тұрып, аяғымыз жүрмей қалған кезде мәз болып қарап тұрды. Әсіресе, Елдос-аға. Тек Мұхит ағай ғана анда-санда бізге жанашырлық танытады, қалғандарының көңіліне де кіріп шықпаймыз", – деді Қызайбай.
Қазір Қазақстан әйелдер құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл дайындықтың басты мақсаты — 2025 жылы 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтетін World Boxing әлем чемпионатына тыңғылықты әзірлік. Айта кетейік, бұл дода жаңа құрылымдағы World Boxing федерациясы ұйымдастыратын алғашқы ресми әлем чемпионаты болмақ.