4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде World Boxing ұйымы аясында өтетін әлем чемпионатына Қазақстан бокс құрамасы әлі толық бекітілген жоқ.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов дайындық барысын түсіндірді:
“Алматы облысында әлем чемпионатына арнайы дайындық кезеңін бастадық. Бұл жиынға тек үздік боксшылар шақырылды. Әр салмақ дәрежесінде бар болғаны 4 спортшыдан ғана іріктелді. 26 тамызда Ұлыбританияға жол тартамыз”.
Әлемдік дода алдында Шеффилд қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Онда Қазақстан құрамасымен бірге Франция, Швеция, Норвегия, Германия, Литва, АҚШ, Косово, Филиппин, Польша, Ирландия және Үндістан боксшылары спарринг өткізеді.
Бұл жиын боксшылардың тәжірибе алмасуына және тактикалық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік бермек.
Қайрат Сәтжановтың айтуынша, кейбір салмақ дәрежелерінде соңғы шешім дәл осы жиыннан кейін қабылданады:
“Бірнеше салмақта бірден бірнеше үміткер бар. Қайсысы чемпионатқа баратынын дайындық барысында анықтаймыз”.