17 күннен кейін басталатын Ливерпульдегі әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы толық құраммен дайын екенін жариялады. Бірақ төрт әлем чемпионы бар құрамамыз өзбектермен басты бәсекеде жеңіске жете ала ма?
4 қыркүйекте басталатын бокстан әлем чемпионаты тарихта алғаш рет World Boxing ұйымы аясында өтпек. Бұл турнир қазақстандық бокс үшін нағыз сынақ болмақ.
Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін 13 ай өткен соң, біздің боксшылардың деңгейі мен дайындық сапасы айқындалатын уақыт келді. Енді басты сұрақ – Қазақстан боксшылары өзбектермен тең дәрежеде бақталас бола ала ма?
Ливерпуль рингінде бірден төрт әлем чемпионы өнер көрсетеді:
2023 жылы Ташкентте жеңіске жеткен Санжар Тәшкенбай, Махмұт Сабырхан және Нұрбек Оралбай,
2019 жылы Екатеринбургте әлем чемпионы атанған Бекзат Нұрдәулетов.
Сонымен қатар құрамада:
Тізімде жарқыраған есімдер көп болғанымен басты мәселе – тұрақсыздық.
Санжар Тәшкенбай Азия чемпионаты-2024 финалында өзбек Шодиёржон Меликузиевке жол берді.
Махмұт Сабырхан маусымдағы Эйндховен турнирінде жеңілді.
Бейбарыс Жексен Азия чемпионатында тәжік боксшысынан таяқ жеді.
Ертуған Зейнуллинов пен Нұрбек Оралбай Астанада өткен әлем кубогында жеңіске жете алмады.
Сағындық Тоғамбай да сол турнирде сүрінді.
Айбек Оралбай Болгарияда өзбек Жахонгир Зокировқа есе жіберіп, Астанадағы турнирде күмәнді шешіммен жеңді.
Тек үш боксшы соңғы маусымда тұрақты нәтиже көрсетті: Сабыржан Аққалықов, Бекзат Нұрдәулетов және Төрехан Сабырхан. Бірақ олардың да өзіне тән сұрақтары бар:
Төрехан – ересектер деңгейінде бар-жоғы үш турнирге қатысқан жас боксшы.
Бекзаттың Токио Олимпиадасындағы ерте жеңілісі әлі ұмытылған жоқ.
Сабыржанға тіпті туған өлкесі Қарағанды облысында жаттығуға жағдай жасалмаған кездер болды.
Әрине әлем чемпионаты – басқа деңгей. Бұл турнирге арнайы дайындық жүргізілгені анық. Алдыңғы сәтсіздіктер жігіттер үшін сабақ болуы мүмкін.
Бірақ тұрақты нәтиже көрсететін боксшылардың жоқтығы алаңдатады. Себебі Ливерпульде ең кішкентай қателік те медальдан айыруы мүмкін.
Есіңізде болса, Қазақстан U-22 құрамасы да Азия чемпионатына мықты құрамамен барған. Соның өзінде алтын жүлде санында 3:6 есебімен Өзбекстаннан қалып қойдық.
Бұл жолы жағдай өзгере ме? Жауабын 4 қыркүйекте басталатын тарихи чемпионат көрсетеді.