«Он алтын аламыз» деген өзбектерді тоқтататын тек Қазақстан ба? Ливерпульдегі айқастың құпиялары
4 –14 қыркүйек аралығында World Boxing ұйымы Ливерпульде тарихтағы алғашқы әлем чемпионатын өткізеді. Бұл додаға қатысатын басты екі фаворит алдын ала белгілі – Қазақстан мен Өзбекстан.
Өзбекстан құрамасы Олимпиада чемпиондарымен
Көршілес ел жарысқа барынша мықты құраммен аттанады:
- 50 кг – Шодияржон Меликузиев
- 55 кг – Миразизбек Мирзахалилов
- 60 кг – Абдумалик Халоков
- 65 кг – Асадхужа Муйдинхужаев
- 70 кг – Шавкатжон Болтаев
- 75 кг – Фазлиддин Эркинбоев
- 80 кг – Жавохир Умматалиев
- 85 кг – Акмалжон Исроилов
- 90 кг – Турарбек Хабибуллаев
- 90+ кг – Жахонгир Зокиров
Әсіресе назар аудартатыны – Париж-2024 Олимпиадасының чемпиондары Абдумалик Халоков пен Асадхужа Муйдинхужаевтың сапта болуы.
Қазақстан құрамасы – жаңа есімдер мен тәжірибелі көшбасшылар
Қазақстанның ерлер құрамасы да мықтылар қатарынан орын алды:
- 50 кг – Санжар Тәшкенбай
- 55 кг – Махмұт Сабырхан
- 60 кг – Бейбарыс Жексен
- 65 кг – Ертуған Зейнуллинов
- 70 кг – Төрехан Сабырхан
- 75 кг – Сабыржан Аққалыков
- 80 кг – Нұрбек Оралбай
- 85 кг – Бекзат Нұрдәулетов
- 90 кг – Сағындық Тоғамбай
- 90+ кг – Айбек Оралбай
Бұл тізімде тәжірибелі чемпиондар да, жаңа жұлдыздар да бар. Ерекше атап өтерлігі – Сабырхан бауырлары. Махмұт соңғы уақытта боксын айтарлықтай жетілдірсе, Төрехан үшін бұл – ұлттық құрамадағы алғашқы ірі сынақ.
Қызықты қарсыласулардың бірі – жастар арасындағы дау
Төрехан Сабырханның қарсыласы болуы мүмкін Шавкатжон Болтаев былтырғы жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Аман Қонысбекпен даулы жекпе-жек өткізген еді. Төрешілер өзбек боксшысына жеңісті беріп, Қазақстан ресми түрде наразылық білдірген болатын. Бұл жағдай Төрехан үшін қосымша мотивация болмақ.
Қазақстандық көшбасшылардың мүмкіндігі
Нұрбек Оралбай – Олимпиада жүлдегері. Оның қарсыласы болуы ықтимал Жавохир Умматалиев әзірге ересектер арасында айтарлықтай жетістікке жете қойған жоқ. Нұрбек үшін бұл турнир – Астанадағы әлем кубогындағы күтпеген жеңілістен кейінгі реванш мүмкіндігі.
Бекзат Нұрдәулетов – 2019 жылғы әлем чемпионы. Оның қарсыласы Акмалжон Исроилов мықты панчер саналса да, тәжірибе жағынан Бекзадтың артықшылығы анық.
Айбек Оралбай – суперауыр салмақта Өзбекстан атынан шығатын Жахонгир Зокировпен жұдырықтасуы мүмкін. Бұл жекпе-жек чемпионаттың нағыз басты айқасына айналуы ғажап емес.
Өзбекстанның жоспары мен Қазақстанның жауабы
Жахонгир Зокиров чемпионат алдында берген сұхбатында:
«Біздің мақсатымыз – он салмақтың бәрінде алтын алу», – деп мәлімдеді.
Алайда Қазақстан құрамасы бұл сөзбен келіспейді. Сабырхан бауырлары бастаған жаңа толқын мен тәжірибелі көшбасшылардың арқасында біздің боксшылар сенсация жасауға дайын.