Орта салмақтағы WBO және IBF әлем чемпионы кубалық Эрисланди Лараны жекпе-жекке шақырып, төрт негізгі белбеуді біріктіру жолындағы мақсатын тағы да айқын көрсетті.
Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) кезекті қарсыласына ресми ұсыныс жасады. «Қазақ стилі» лақап атымен танымал қазақстандық боксшы WBA белбеуінің иегері, кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 КО) айқасуға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстандық боксшы өзінің басты миссиясын тағы да еске салды — орта салмақтағы төрт негізгі чемпиондық белбеуді біріктіру.
«Ешқандай мәселе жоқ. Лара келіссе, мен дайынмын», – деді Жәнібек Әлімханұлы.
42 жастағы Эрисланди Лара соңғы жылдары рингке сирек шығып жүр. Дегенмен, ол соңғы рет 2024 жылдың қыркүйегінде америкалық Дэнни Гарсияны (37-4, 21 КО) мерзімінен бұрын жеңіп, тәжірибесінің әлі де жоғары екенін дәлелдеген болатын.