Қазақстандық ММА шебері Мұратбек Қасымбай отандасы Шавкат Рахмоновтың еңбекқорлығына тәнті болып, оны “мутант” пен “роботқа” теңеді.
Қазақ файтері Мұратбек Қасымбай UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жаттығуға деген жанкештілігі мен төзімділігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Шавкаттың жұмыс қарқыны қарапайым спортшыларға тән емес.
«Мен талай еңбексүйгіш спортшыны көрдім. Бәрі де жаттығады, бәрі мықты. Бірақ Шавкаттай тер төгетінін ешқашан кездестірмедім. Оның екі жүрегі, төрт өкпесі бар шығар деп ойлаймын кейде. Әйтеуір, адам емес, біртүрлі мутант, тіпті робот сияқты», – деді Қасымбай.
Ол сондай-ақ 2015 жылы-ақ Рахмоновтың қалыптан тыс қарқында жаттығатынын еске алды. «Ондай қарқынға ешбір қарапайым адам төтеп бере алмайды», – деп қосты файтер.
Мұратбек Қасымбай – «Қазақ терминаторы» лақап атымен танымал ММА жауынгері. Жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Ол ММА, панкратион, джиу-джитсу және грэпплингтен спорт шебері.
2015 жылдан бастап кәсіби рингте төбелесіп келеді. 2018 жылы жол апатынан ауыр жарақат алса да, спортқа қайта оралып, 2021 жылы панкратионнан әлем чемпионы атанды.
Шавкат Рахмонов – UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер, бұрынғы M-1 чемпионы. 2014 жылдан бері кәсіби мансабын жалғастырып келеді.
2025 жылдың тамызында ол Қазақстан тарихында тұңғыш рет UFC-дің P4P (pound-for-pound) рейтингінде үздік файтерлер қатарына енді.