2025 жылғы грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали туған жері Қызылордаға жеңісімен оралды.
Чемпионды Алматы әуежайында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен ЦСКА клубының өкілдері күтіп алды. Арнайы дайындалған әскери оркестр Сұлтанғалиды салтанатты түрде қарсы алып, халыққа ерекше әсер сыйлады.
Әрі қарай балуан туған жері Қызылордаға жол тартты. Мұнда оны облыс спорт басқармасының басшысы, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев бастаған жанкүйерлер зор құрметпен қарсы алды. Әлемдік аренада топ жарған балуан үшін аймақ көлемінде той-думан ұйымдастырылды.
Айдос Сұлтанғалидың әлем чемпионатындағы жеңісі Қазақстан спорты үшін тарихи оқиғаға айналды. Оның жеңісі жас спортшыларға үлгі болып, грек-рим күресінің жаңа серпін алуына ықпал етпек.