
АҚШ-тың танымал блогері әрі боксшысы Джейк Пол Сауль «Канело» Альвареспен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты. Ол бұл жекпе-жекті Джервонта Дэвиске қарсы айқастан кейін өткізгісі келеді.
Жыл басында Пол мен Канело арасындағы кездесу ұйымдастырылуға жақын болған еді. Жекпе-жек 4 мамырда, Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында крузервейт салмағында өтеді деп жоспарланған. Кездесуді Netflix платформасы тікелей эфирде көрсетуді көздеген.
Алайда Сауд Арабиясының Бас ойын-сауық басқармасының жетекшісі Турки әл-Шейх бұл жекпе-жекке қарсы шықты. Себебі ол күзге жоспарланған Альварес – Теренс Кроуфорд айқасына деген қызығушылық төмендеп кетеді деп қауіптенген.
Сол себепті «Канело» алдымен Вильям Скуллмен унификациялы жекпе-жек өткізіп, абсолютті чемпион атағын қайтарып алды. Кейін ол барлық белбеулерін Кроуфордқа берген болатын.
Қазір Пол Джервонта Дэвиспен кездесуге келісімге келді. Дегенмен, ол журналистерге берген жауабында Канеломен айқасқысы келетінін тағы да нақтылады:
«Иә! 100 пайыз қызықтырады! Бұл – бокс тарихындағы ең үлкен жекпе-жектердің бірі болмақ. Джервонтаны жеңген соң, менің тізімімде міндетті түрде Канело болады», – деді Джейк Пол (The Ring).
Джейк Пол мен әлем чемпионы арасындағы жекпе-жек 14 қараша күні Майамидегі Kaseya Center аренасында өтеді.