Конор Макгрегор ММА-ға әсерлі түрде қайта оралып, келесі жылы-ақ жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Оның үстіне, жай ғана емес – АҚШ президентінің резиденциясы, Ақ үй аумағында. Бұл үшін ол өте қомақты сыйақы алмақ.
UFC-дің екі салмақтағы экс-чемпионы 100 миллион доллар және өзі, отбасы мен достары үшін 100 “алтын карта” алатынын айтты. Жекпе-жек Ақ үйдің Оңтүстік көгалында өтеді деп күтілуде. Бұл сыйақы тек жеңіс үшін бе, әлде жай қатысқаны үшін бе – белгісіз.
“Ақ үйдегі жекпе-жек үшін 100 миллион доллар және менің отбасым мен достарыма 100 «алтын карта». Жекпе-жек әлемін тағы да қуантуды асыға күтемін”, — деп Макгрегордың сөзін Daily Mail келтіреді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп “алтын карта” бағдарламасын енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ол шетелдіктерге 1 млн доллар инвестиция салған жағдайда жеделдетілген тәртіппен АҚШ-та тұруға рұқсат алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 37 жастағы даулы ирландиялық спортшы 2021 жылдың шілдесінен бері октагонға шықпаған.