Бахрейндегі үшінші жасөспірімдер Азия ойындарында қазақстандық боксшы Жұмағали Нұрмахан мен тәжікстандық Бехруз Умаровтың жекпе-жегіне қатысты төрешілер шешімі наразылық тудырды.
Бахрейнде өтіп жатқан ІІІ Жасөспірімдер Азия ойындарында бокстан ширек финалдық кездесулер жалғасуда.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Жұмағали Нұрмахан мен тәжік боксшысы Бехруз Умаров медаль үшін айқасты.
Бірінші раундта төрешілер 3:2 есебімен Умаровқа басымдық берді. Алайда екінші раундта Нұрмахан айқын үстемдік танытып, төрешілердің төртеуінің дауысын өз пайдасына алды.
Шешуші үшінші раунд өте тартысты өтті, бірақ соңғы сөз төрешілерге тиесілі болды. Қорытынды есеп — 4:1, Нұрмаханның пайдасына.
Бұл шешім тәжік бапкерлер штабының наразылығын туғызды. Осылайша, Жұмағали Нұрмахан Азиаданың кем дегенде қола медалін қамтамасыз етті.