Қазіргі таңда Геннадий Головкин World Boxing ұйымының басшысы қызметін атқарады.
Испанияның Marca басылымы орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің алдағы уақытта рингке қайта оралуы екіталай екенін мәлімдеді.
Басылым дерегінше, бұған басты себеп – GGG-дің қазіргі таңда атқарып жүрген жауапты қызметтері. Атап айтқанда, екі дүркін әлем чемпионы осы айда Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылданды. Сонымен қатар ол Олимпиадалық боксты үйлестіретін World Boxing ұйымының президенті қызметіне тағайындалды. Бұған дейін Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы болған.
Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қыркүйегінде өткізді. Ол кезде қазақстандық боксшы Сауль «Канело» Альвареспен болған үшінші кездесуде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіліс тапқан еді. Ресми түрде мансабын аяқтағанын жарияламағанымен, қазіргі жағдай оның кәсіпқой бокска жақын арада қайта оралуын жоққа шығарады.