Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына қатысты үш белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шықпай қалған еді.
Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты болуы мүмкін допинг дауына пікір білдірді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
"Иә, өкінішке қарай, маңызды жекпе-жек қарсаңында осындай жағдай орын алды. Алайда екінші сынама ашылады — бұл 8 қаңтарда болады. Жәнібектің командасы да, біз де екінші сынаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Ақпаратты содан кейін жариялаймыз", — деді Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында.
Министр допингтің расталуы мүмкін болған жағдайда қандай салдарлар болуы ықтимал деген сұраққа жауап бере отырып, түпкілікті шешімді Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) мен Халықаралық бокс ұйымы қабылдайтынын атап өтті.
Еске салайық, желтоқсан айының басында қараша айында WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен өтетін біріктіруші жекпе-жекке дайындық барысында алынған Жәнібек Әлімханұлының А сынамасы тыйым салынған мельдоний препаратына оң нәтиже көрсеткені белгілі болған еді.