Суперауыр салмақта екі дүркін әлем чемпионы атанған британиялық Тайсон Фьюридің келесі жекпе-жегі ресми түрде жарияланды.
Саудиялық промоутер Турки әл-Шейх 11 сәуірге жоспарланған бокс кешінің басты айқасында Фьюри ресейлік Арсланбек Махмудовқа қарсы шығатынын мәлімдеді. Өтетін орын нақты кейін жарияланады. Алайда турнирдің Ұлыбритания аумағында ұйымдастырылатыны айтылып отыр. Сонымен қатар трансляция Netflix платформасында көрсетілетіні хабарланды.
Қазір Тайсон Фьюри 37 жаста. Ол кәсіпқой бокста 2008 жылдан бері өнер көрсетіп, суперауыр салмақта бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған. Соңғы жекпе-жегін Фьюри 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, украиналық Александр Усикке төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберген еді.
Фьюридің қарсыласы Арсланбек Махмудов — 36 жаста, кәсіпқой рингтегі дебютін 2017 жылы жасаған. Оның жекпе-жектерінің едәуір бөлігі Канадада өткен.
Сондай-ақ Махмудов былтыр қазанда британ боксшысы Дэйв Алленді төрешілер шешімімен жеңгені айтылды.