Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан Boxam Elite-2026 халықаралық турнирінде қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан жартылай финалдан сүрінбей өтіп, финалға жолдама алды.
Төрехан 70 келіге дейінгі салмақта үндістандық Хитешке қарсы жұдырықтасты. Үш раунд бойы қазақстандық боксшы қарсыласынан басым көрініп, кездесудің қорытындысында төрешілер оны бір ауыздан 5:0 есебімен жеңімпаз деп таныды.
Айта кетейік, 19 жастағы Төрехан Сабырхан былтыр Қазақстан құрамасының сапында World Boxing ұйымы өткізген тұңғыш әлем чемпионатында (Ливерпуль) топ жарып, елге әлем чемпионы атағын әкелген жеті боксшының бірі болған.
Еске салайық, Boxam Elite-2026 додасы 3–8 ақпан аралығында өтуде. Қазақстан бұл жарысқа ерлер және әйелдер құрамаларымен қатысып жатыр.