Парижде дзюдодан Grand Slam сериясында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медаль түсті.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық Аман Бақытжан қола жүлде місе тұтты.
Турнир барысында отандасымыз бірнеше қарсыласынан айқын басым түсті. 1/8 финалда ол Бразилия өкілі Аугустоға қарсы "ваза-ари" ұпайын әкелген нәтижелі лақтыру арқылы жеңіске жетті.
Одан кейінгі кезеңде Бақытжан Словения спортшысы Давид Старкельге қарсы татамиге шығып, тағы да "ваза-ари" арқылы ұпай алып, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда қазақстандық дзюдоист Украина өкілі Дильшот Халматовқа есе жіберді. Белдесу негізгі уақытта тең аяқталып, тағдыр қосымша уақыт — "голден скорда" шешілді. Бұл сәтте украиналық спортшы ұстап тұру әдісімен басымдық танытты.
Үшінші орын үшін өткен белдесуде Аман Бақытжан өте жинақы қимылдап, Куба өкілі Джонатан Шароннан басым түсті. Нәтижесінде Париждегі Grand Slam турнирінің қола жүлдесін жеңіп алып, Қазақстанға осы жарыстағы алғашқы медальді сыйлады.