Загреб қаласында өтіп жатқан Zagreb Open-2026 халықаралық турнирінде отандастарымыздың бірі АҚШ өкілін тізе бүктірсе, енді бірі өзбекстандық балуаннан басым түсті.
Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан Zagreb Open-2026 халықаралық турнирінде Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері жүлделі орындарға қол жеткізді.
82 келі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық балуан Ибрагим Магомадов қола медаль үшін белдесуде АҚШ өкілі Джесси Александер Портермен күш сынасты. Нәтижесінде Магомадов қарсыласын 7:2 есебімен жеңіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.
Аталған салмақта екінші қола медальді ирандық Мохаммад Реза Мохтари иеленді. Ал чемпион атағы түркиялық Юксель Сарычичекке бұйырды. Финалда ол молдовалық Михаил Брадуны 5:0 есебімен ұтты.
Өз кезегінде 72 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын қорғаған Алматбек Аманбек қола жүлде үшін өзбекстандық Аброр Атабаевпен белдесті. Тартысты өткен белдесу 3:3 есебімен аяқталғанымен, соңғы ұпай қазақстандық балуанға бұйырып, Алматбек қола медальді еншіледі.
Бұл салмақта мысырлық Мустафа Аламелдин чемпион атанды. Күміс жүлде грузиялық Ника Броладзе бұйырды.
Бұған дейін Демеу Жадыраевтың жарыс жолы туралы хабарлаған едік.