7 ақпанда Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 266 турнирінде Веретенников америкалық Нико Прайсты нокаутқа түсірген еді.
UFC-де жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық файтер Николай Веретенников америкалық Нико Прайсты нокаутқа түсірген жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жеңіс кездейсоқ емес, арнайы дайындықтың жемісі.
7 ақпанда Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 266 турнирінде Веретенников қарсыласын тор маңында жойқын соққылар сериясымен тоқтатты. Ол әуелі қолмен бірнеше дәл соққы жасап, артынша соққыларын тізе және шынтақпен жалғады. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Жекпе-жектен кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық спортшы шешуші сәт туралы айтып өтті:
“Біз бұл соққыларды алдын ала дайындадық. Ұзақ уақыт бойы жаттықтық, әр элементті қайта-қайта пысықтадық. Бапкеріммен бірге тактика мен техниканы жетілдіруге көп күш жұмсадық. Бұл жеңіс — залдағы қажырлы еңбектің нәтижесі”, — деді Веретенников.
Осы жеңіс арқылы Николай Веретенников UFC-дегі өз позициясын нығайтып, жартылай орта салмақтағы қауіпті файтерлердің біріне айнала түсті. Алдағы уақытта оның октагондағы келесі қарсыласы мен жекпе-жек уақыты лига тарапынан ресми түрде жариялануы тиіс.