RCC Hard лигасының чемпионы жеңіс үшін алатын сыйақысы туралы айтып берді.
RCC Hard лигасының чемпионы Торғынбек Әміров бір жекпе-жек үшін алатын сыйақысын жаңа Chevrolet Cobalt көлігінің бағасымен салыстырды. Бұл туралы ол Meta-ratings.kz порталына берген сұхбатында мәлімдеді.
Әміровтың айтуынша, қазіргі келісімшарты бойынша тағы екі жекпе-жек өткізуі керек.
“Келісімшарт бойынша екі айқасым қалды. Лига қандай шарт ұсынатынын көреміз. Негізі, олармен жұмысты жалғастыруға қарсы емеспін. Бұл – менің туған лигам. Жұдырықтасу бағытындағы жолымды осы жерде бастап, чемпион атандым”, – деді спортшы.
Файтер бір айқас үшін алатын сыйақы көлемін ашық айтты.
“Жаңа Chevrolet Cobalt сатып алуға жетеді. Бір жекпе-жектегі гонорарым шамамен сондай сома”, – деді Әміров.
Қазақстандағы автосалондарда Chevrolet Cobalt моделінің бағасы шамамен 6,5 миллион теңгеден басталады.
Торғынбек Әміров 1999 жылы 31 мамырда Қостанай қаласында дүниеге келген. Ол 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.
Спортшы – Қазақстан Республикасының спорт шебері, WBC Asia Silver және WBO Asia Youth белбеулерінің иегері. Кәсіби бокс рингіндегі дебютін 2024 жылғы 8 маусымда жасаған.
Сонымен қатар 2024 жылдың наурыз айынан бастап Қостанай қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істейді.