Головкин соңғы рет 2022 жылдың 17 қыркүйегінде Лас-Вегаста рингке шықты. Мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен үшінші жекпе-жегінде қазақстандық боксшы төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.
Орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) ресми түрде қашан енгізілетіні белгілі болды.
IBHOF баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылы салтанатты енгізу рәсімі және оған байланысты іс-шаралар 11–14 маусым күндері Канастота қаласында (Нью-Йорк штаты, АҚШ) өтеді. Головкинмен бірге "Қазіргі замандағы боксшылар (ерлер)" санаты бойынша Даңқ залына британиялық Найджел Бенн мен америкалық Антонио Тарвер енгізіледі.
Еске салайық, Геннадий Головкин өткен жылдың соңында Халықаралық бокс даңқ залына енгізуге үміткер ретінде алғашқы дауыс беруде-ақ таңдалған болатын. Индукция туралы шешім Американың бокс туралы жазатын журналистер қауымдастығының (BWAA) мүшелері мен халықаралық бокс тарихшылары комиссиясының дауыс беруі арқылы қабылданды.