Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Александр Хижняк кәсіпқой боксқа ауысуға жақын.
Британдық сарапшы Тейлор О’Хиггинс X әлеуметтік желісіндегі жазбасында Хижняктың көптен күткен дебютіне қатысты нақты күнді атады. Оның айтуынша, Александр алғашқы кәсіпқой кездесуін 21 наурызда Киевте Александр Усикке тиесілі “Usyk 17” промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын кеш аясында өтпек. Әзірге қарсыласы белгісіз.
Айта кетейік, абсолютті экс-әлем чемпионы Александр Усик те Instagram парақшасында отандасының кәсіпқой бокстағы дебютін тұспалдап, жанкүйерлер назарын аудартқан.
Еске салсақ, Париж-2024 Олимпиадасының финалында Александр Хижняк Нұрбек Оралбайды жеңіп, 81 кг дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Сол жекпе-жек Нұрбектің Олимпиада чемпионы атану жолын бөгеп, Қазақстан құрамасына алтынның бұйыруына мүмкіндік бермеді.