Бангкоктегі U-19 World Boxing Futures Cup халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы кезекті жекпе-жектерін өткізді.
55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Едіге Нұрғожа 1/16 финал кезеңінде түрікменстандық Абдырасул Арслановпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы қарсыласына төрешілердің бірауызды шешімімен 0:5 есебімен жеңілді. Айта кетейік, екінші раундта Едіге тұрып қалған нокдаунға түсті.
Ал 70 келіге дейінгі салмақтағы Бибарыс Әшірбай турнирді сәтті бастады. Ол 1/16 финалда иорданиялық Анас Альбсулға қарсы айқасты.
Бибарыс алғашқы раундтың өзінде қарсыласын екі мәрте санатып үлгерді. Екінші раундта да басымдығын жалғастырып, Анас Альбсулды тағы екі рет тұрып қалған нокдаунға жіберді. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті айқын басымдыққа байланысты мерзімінен бұрын тоқтатты.
Айта кету керек, World Boxing ұйымының U-19 санатындағы “Futures Cup” турнирі тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық жарыс 15 наурызға дейін жалғасады.