Реклама
Реклама

Елдос Сметовке операция жасалды

Сарапшы, спорт журналисі
12.03.2026, 18:28

Париж Олимпиадасының чемпионы қазір дәрігерлердің бақылауында, ал оның алдағы жарыстарға қатысуы оңалту кезеңінің қалай өтетініне байланысты болады.

instagram/@yeldos60kg

Тараздағы ауруханада операция өтті

Ақпаратқа сәйкес, қазақстандық дзюдошы Елдос Сметовке Тараздағы ауруханалардың бірінде операция жасалған. Қазіргі уақытта спортшы мамандардың тұрақты бақылауында. Сондай-ақ биыл ол халықаралық турнирлерге қатысуға дайындалғаны, алайда дәрігерлер алдымен толыққанды оңалтудан өту қажет екенін айтқаны хабарланды.

Әзірге бұл жолғы хирургиялық араласудың нақты неден болғаны ресми түрде нақтыланбады. Дегенмен бұған дейін, 2025 жылғы маусымда Елдос Сметовке Рим қаласында иығындағы созылмалы жарақатына байланысты операция жасалғаны белгілі болған. Ол жарақат балуанды Париж Олимпиадасына дейін де мазалаған.

Қайта оралу мерзімі оңалтуға байланысты

Бұған дейінгі мәліметтерде Сметов операциядан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатқаны, ал үлкен спортқа оралу уақыты иығының толық қалпына келуіне тікелей байланысты екені айтылған. Сондықтан оның нақты қай турнирде бақ сынайтыны әзірге белгісіз.

Елдос Сметов — Қазақстан мен жалпы Орталық Азия тарихындағы дзюдодан Олимпиаданың толық жүлде жиынтығын иеленген алғашқы спортшының бірі. Ол Париж-2024 Олимпиадасында алтын медаль, Рио-2016 ойындарында күміс, ал Токио-2020 додасында қола жүлде жеңіп алған.

Реклама
Реклама