Қазақстан құрамасының атынан шаршы алаңға шыққан төрт боксшының екеуі шешуші кезеңге жолдама алса, қалғаны жарысты жартылай финалда аяқтады.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақнұр Тұрсынғали АҚШ өкілі Бриджана Эпперсонмен кездесті.
Жекпе-жекте америкалық боксшы басымдық танытты. Екінші раундта Тұрсынғалиды екі мәрте, ал үшінші раундта тағы бір рет тұрып нокдаунға жіберді. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.
Осылайша Бриджана Эпперсон финалға өтіп, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Ал Ақнұр Тұрсынғали турнирді қола жүлдемен аяқтады.
70 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Камила Оспанова тағы бір америкалық Марли Макнилиге қарсы рингке көтерілді.
Үш раундқа созылған тартысты айқаста төрешілер жеңісті екіге бөлінген шешіммен Оспановаға берді. Осы нәтижеден кейін қазақстандық боксшы турнирдің алтын жүлдесі үшін жұдырықтасады.
75 келі салмақтағы Зарина Толыбай жартылай финалда Франция өкілі Маисса Кермезянмен қолғап түйістірді.
Төреші екінші раундта Толыбайға есеп ашты. Үш раунд қорытындысында қазылар алқасы жеңісті бір ауыздан франциялық боксшыға берді. Осылайша Зарина жарысты жартылай финал кезеңінде тәмамдады.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Айдана Убайдуллақызы вьетнамдық Тхи Май Ан Даммен финал жолдамасын сарапқа салды.
Бұл айқас өте қысқа уақытқа созылды. Айдана бірінші раундтың өзінде қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, төрешінің кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатуына себеп болды. Нәтижесінде қазақстандық боксшы сенімді жеңіспен финалға шықты.
U-19 Futures Cup турнирінің финалдық жекпе-жектері 15 наурызда өтеді.