Төрехан Сабырхан Азия чемпионына қарсы рингке шықты (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
24.03.2026, 11:22

Қазақстан құрамасының болашағынан зор үміт күттіретін былғары қолғап шебері Төрехан Сабырхан Өзбекстанның Азия чемпионы Шавкатжон Болтаевпен спарринг өткізді.

instagram/@boxingkazakhstan

Өзбекстандықпен күш сынасты

Аталған спаррингтің видеосын бапкер Ілияс Омаров өзінің Instagram парақшасында жариялады. Кадрлардан Қазақстанның World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы Төрехан Сабырханның қарсыласымен сақ әрі сауатты жұмыс істегенін байқауға болады.

Жаттығу жекпе-жегі жоғары қарқыннан гөрі, тактикалық бағытта өрбіді. Төрехан өзінен дене бітімі жағынан кішілеу қарсыласын қысымға алып, бірден жаншуға тырысқан жоқ. Керісінше қашықтық сақтап, қозғалыс пен дәлдікке көбірек мән берді.

Қазақстандық боксшы ара-тұра өзінің жарылғыш жылдамдығын көрсетіп отырды. Ал екінші раундта өзбекстандық былғары қолғап шебері ауыр соққылар жасауға ұмтылғанымен қарымта шабуылдарда нақты соққылар өткізіп алды. Жалпы көріністе Сабырхан қарсыласын шеберлік жағынан басып озғаны аңғарылды.

Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен жиын өткізіп жатыр

Айта кетейік, 13 наурызда бокстан Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары Түркістан облысындағы “Алма-Тау” кешенінде халықаралық бірлескен оқу-жаттығу жиынын бастаған.

Бұл дайындыққа Қазақстан мен Өзбекстаннан бөлек Түркия, Германия және Түркіменстан құрамалары да қатысты.

Аталған жиын Ұлан-Батыр қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі саналады.

Шавкатжон Болтаев туралы не белгілі?

Төрехан Сабырханмен спарринг өткізген Шавкатжон Болтаев — халықаралық деңгейде тәжірибесі бар боксшы.

Оның жетістіктері:

  • 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанды;
  • 2024 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында (U-22) қола жүлдеге ие болды;
  • 2025 жылы Ливерпульдегі World Boxing әлем чемпионатына және Дубайдағы IBA әлем чемпионатына қатысты.
Реклама
Реклама