"Жаттығуларды үдетеміз!" Қазақстандық сұлу боксшы АҚШ-тағы жоспарын айтты
Балауса Мұздыман Лас-Вегас қаласындағы жаттығу барысы туралы айтып, алдағы жоспарын жария етті.
Лас-Вегастағы өмір
Балауса Мұздыман Instagram желісіндегі сторисінде Лас-Вегастағы алғашқы күндерден кейін команда жаңа уақыт белдеуіне толық бейімделгенін айтты.
Боксшының сөзінше, өткен апта өте қарқынды өткен. Бір апта бойы тынымсыз жаттығудан кейін команда біраз тынығып, күш жинаған. Бірақ алдағы кезең бұдан да ауыр болмақ.
Ендігі басты назар спаррингтерге аударылады. Бұл кезең боксшылар үшін физикалық және тактикалық тұрғыдан аса маңызды саналады.
Келесі аптада жаттығу жүктемесі күшейіп, команда бұрынғыдан да көп тер төгеді. Яғни Лас-Вегастағы дайындықтың негізгі бөлігі енді басталмақ.
АҚШ-тағы толыққанды оқу-жаттығу жиыны
Қазір Балауса Мұздыман Лас-Вегаста өзінің жаттықтырушысы Сағатбек Мұсахановпен және Жанқош Тұраровпен бірге жүр.
Қазақстандық команда АҚШ-қа наурыз айының ортасында барған. Ресми түрде сапар мақсаты нақты жарияланбағанымен әлеуметтік желідегі жазбаларға қарағанда олар толыққанды оқу-жаттығу лагерінен өтіп жатыр.
Дайындық не үшін маңызды?
Лас-Вегас — әлемдік бокстың ең ірі орталықтарының бірі. Бұл қалада жоғары деңгейлі жаттығу базалары, мықты спарринг-серіктестер және тәжірибелі мамандар шоғырланған. Сондықтан қазақстандық спортшылар үшін мұндай ортада дайындалу — шеберлікті шыңдаудың үлкен мүмкіндігі.