"Күліңдер". Еркебұлан Тоқтар жеңілістен кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтар Еревандағы Hype FC 28 турниріндегі жеңілістен кейін жанкүйерлер мен сын айтушыларға үндеу жолдады.
Жеңілістен кейін не деді?
Жекпе-жектен соң қазақстандық спортшы Instagram парақшасында эмоцияға толы жазба жариялап, бұл жолы ойдағыдай өнер көрсете алмағанын ашық мойындады. Сондай-ақ алдағы уақытта қысқа үзіліс алатынын мәлімдеді.
Тоқтардың сөзінше, мұндай сәттер спортшы жолында сирек кездеседі. Ол соңғы рет үш жыл бұрын жеңілгенін айтып, хейтерлерге де ойын ашық жеткізді.
"Қадірлі жанкүйерлерім, ренжімеңіздер, басымды төмен түсіріп тұрмын. Ал хейтерлер, пікірде күліңдер, іштеріңдегі бар эмоцияны шығарыңдар. Мұндай күндер жиі бола бермейді. Соңғы рет үш жыл бұрын жеңілген едім. Демек, үш жылдан кейін сендер үшін қуанышты күн туды.
Жекпе-жекті кейін сабырмен қайта қарап, талдаймыз. Бірақ бірдеңе дұрыс болмады. Мүмкін, нокаутпен жеңемін деп тым қатты ұмтылдым, мүмкін қарсыласты міндетті түрде құлатқым келді. Қалай болғанда да, болған іс болды.
Сондықтан пікірде жазыңдар, күліңдер. Бұл видео хейтерлер үшін. Бар эмоцияларыңды шығарыңдар.
Ал біз аздап демаламыз. Маған демалыс керек. Шаршадым. Екі ай бойы ауыр дайындық өтті. Енді біраз үзіліс қажет. Қанша уақыт екенін нақты білмеймін — мүмкін үш ай, мүмкін төрт ай, бәлкім жарты жыл. Бірақ мен міндетті түрде ораламын".
Hype FC 28 турнирінде не болды?
Турнирде Еркебұлан Тоқтар қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулуымен кездесті. Жеңіл салмақта өткен жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша ұйымдастырылды.
Кездесу қорытындысында төрешілер бірауыздан жеңісті қырғызстандық файтерге берді.