Әліби Ыдырыс "минусқа" кіріп кетті

Сарапшы, спорт журналисі
11.04.2026, 22:47

UFC жауынгері Әліби Ыдырыс америкалық промоушендегі соңғы жекпе-жегінен кейін қанша табыс тауып, қанша шығын шығарғанын жария түрде есептеп берді.

instagram/@alibi_idiris

Табысы мен шығынын түгел айтты

Қазақстандық файтердің сөзінше, оның соңғы айқастағы бастапқы гонорары 15 мың доллар, ал жеңіс үшін қосымша 15 мың доллар төленген. Осылайша жалпы табысы 30 мың доллар болған. Дегенмен бұл соманың барлығы спортшының өзінде қалмаған. UFC пен АҚШ-тың Техас штатындағы салықтық ұсталымдардан кейін қаражаттың шамамен 30 пайызы шегерілген. Соның нәтижесінде қолында шамамен 21 мың доллар қалыпты.

Одан кейін файтер менеджерлік компаниясына 15 пайыз, яғни 4 500 доллар төлеген. Бұдан бөлек ағасына 3 мың доллар, қосымша спарринг-серіктесі ретінде бірге барған Еламанға 2 мың доллар бергенін жеткізді.

Жекпе-жекке дайындық шығыны файтерді минусқа түсірген

Әліби Ыдырыс тек осы төлемдермен шектелмегенін айтты. Оның сөзінше, бапкер Шамиль Сүлеймановқа, сондай-ақ диетологтар мен дайындыққа көмектескен өзге мамандарға да ақы төленген.

Сонымен қатар файтер АҚШ-та үш апта тұрғанын, ал бұл мерзімдегі пәтер, тамақ және күнделікті шығындарды UFC төлемейтінін атап өтті. Бұған қоса Ақтөбедегі оқу-жаттығу жиынына кеткен шығындар да жалпы есепке қосылған.

Осының бәрін қорытындылаған спортшы соңында қаржылық жағынан минусқа шыққанын жасырмады.

"UFC-де бәрі ақша үшін төбелеседі деу — үстірт пікір" 

Бұл тақырыпты қозғау себебін түсіндірген қазақстандық жауынгер UFC спортшылары туралы қоғамда жиі айтылатын пікірлерге жауап берді.

Әліби Ыдырыс кейбір адамдардың "UFC файтерлері тек ақша үшін төбелеседі, ел намысы үшін шықпайды" деген сөзін мысалға келтіріп, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын меңзеді.

Сонымен бірге "Маған ақша керек емес, мен тек ел үшін төбелесемін" деген ұраншыл мәлімдемені шынайы өмірден алыс көзқарас ретінде бағалады. Спортшының айтуынша, кәсіби спортта намыс пен қаржы мәселесі қатар жүреді.

Еске салайық, Әліби Ыдырыс соңғы рет 2026 жылдың 21 ақпанында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC Fight Night турнирінде октагонға шыққан еді.

Ол жекпе-жекте америкалық Оде Осборнды төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Бұл нәтиже Әліби Ыдырыс үшін UFC-дегі алғашқы жеңіс болды.

Реклама
Реклама