"Адамеске жол ашылды": Мейірім Нұрсұлтанов титул үшін айқасқа жақындады

Сарапшы, спорт журналисі
17.04.2026, 22:00

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ визасын алды. Енді ол жақын күндері мұхит асып, алдағы жекпе-жегіне дайындықты бастамақ.

instagram/@meiirim.nursultanov

Америкалық виза алды

Журналист Аслан Қаженовтың мәліметінше, қазақстандық былғары қолғап шебері көптен күткен құжатын алды. АҚШ тарапы оның визасын мақұлдаған. Осылайша жеңіліп көрмеген отандасымыз Америкаға аттанып, келесі айқасына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік алды.

Қазір Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) орта салмақтағы WBC рейтингінде бірінші орында тұр. Сонымен қатар, доминикандық әлем чемпионы Карлос Адаместің (24-1-1, 18 KO) белбеуіне міндетті үміткер саналады.

Соңғы айқасы 2023 жылы өтті

Мейірім Нұрсұлтанов соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың 17 қарашасында Ташкентте өткізді. Сол кездесуде чилилік Хулио Аламосты (19-3, 9 KO) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Осыдан кейін қазақстандық боксшы ұзақ уақыт бойы рингке шыққан жоқ.

Айта кету керек, Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой мансабын 2016 жылы АҚШ-та бастаған. 2019 жылға дейін Америкада белсенді түрде жұдырықтасты.

Қазақстандық боксшының АҚШ-тағы алғашқы айқасы 2016 жылдың 19 қарашасында Лас-Вегаста өтті. Ал Америкадағы соңғы жекпе-жегін 2019 жылдың 2 қарашасында өткізіп, онда Кристиан Оливасты жеңді.

Бұған дейін виза алудан екі рет бас тартылған

Өткен жылдың мамыр айында Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ визасына екі рет өтініш беріп, екі жағдайда да бас тарту алғанын хабарлаған еді. Сондықтан бұл жолғы оң шешім боксшы үшін өте маңызды жаңалық болды.

Реклама
Реклама