"Қазақтың нокаут королі" IBF титулы үшін шешуші айқасқа шығады
Кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек әлемдік титулға бір қадам жақындай түсті.
Қарсыласы анықталды
Сұлтан Зәуірбек (20-0, 13 KO) келесі жекпе-жегінде австралиялық Джексон Инглэндпен (19-3, 10 KO) қолғап түйістіреді. Бұл туралы боксшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Айқас 27 маусым күні Австралияның Перт қаласында өтеді.
Бұл жекпе-жек IBF тұжырымы бойынша іріктеу кездесуі саналады. Яғни жеңіске жеткені әлем чемпионы титулына міндетті үміткер мәртебесіне ие болады. Қазір бұл белбеу мексикалық Эмануэль Наварретеге (40-2-1, 33 KO) тиесілі.
Сұлтан Зәуірбек алдағы айқастың маңызын ерекше атап өтті.
“Уақыты келді. Бұл жай ғана жекпе-жек емес — бұл әлемдік титулға бастайтын жол”, — деп жазды.
Соңғы жекпе-жегінде маңызды титул жеңіп алған
Еске салсақ, Зәуірбек соңғы рет былтыр 5 сәуірде Астанада шаршы алаңға шыққан. Сол кезде оңтүстікафрикалық Азинга Фузилемен (18-3, 12 KO) 12 раунд бойы жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Осы жеңістің арқасында қазақстандық боксшы екінші жеңіл салмақтағы IBF Inter-Continental титулын иеленді.