Бақыт Сәрсекбаев U-19 құрамасын Ыстықкөлде шыңдап жатыр (ВИДЕО)
Бокстан 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Қырғызстанда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Маңызды турнирлер күтіп тұр
Биыл World Boxing ұйымының аясында осы жас санатында екі ірі жарыс өтеді. Оның біріншісі — Азия чемпионаты. Құрлықтық дода 3-16 шілде аралығында Индонезияның Джакарта қаласында жалауын көтереді.
Ал әлем чемпионаты 14-27 қазан күндері Черногорияның Будва қаласында өтеді. Сондықтан Ыстықкөлдегі бұл оқу-жаттығу жиыны Қазақстан жастары үшін аса маңызды кезең саналады.
Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасы да күн тәртібінде
Биыл жасөспірімдер Олимпиадасы да өтеді. Кешенді жарыс 31 қазан мен 13 қараша аралығында Сенегал астанасы Дакарда жоспарланған. Сол себепті U-19 құрамасы маусымдағы ең жауапты сындарға дәл қазірден бастап жүйелі түрде әзірленіп жатыр.
Еске салсақ, Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның U-19 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне 2026 жылы 10 қаңтарда ресми түрде тағайындалды.
Оған дейін, 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап, Қазақстанның U-22 құрамасын жаттықтырды. Бейжің-2008 Олимпиадасының чемпионы жетекшілік еткен U-22 командасы 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында 10 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан еді.