Назым Қызайбай Әлем кубогында камбэк жасап, финалға шықты (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы
Бүгін, 10:46

Қазақстандық боксшы Гуйян қаласындағы Әлем кубогында финал жолдамасын жеңіп алды. Үш дүркін әлем чемпионы таиландтық Натичамен кездесті.

instagram/@boxingkazakhstan

Қиын жекпе-жектегі жеңіс

54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен айқас қазақ боксшысы үшін оңай басталған жоқ. Бірінші раундта таиландтық қарсыласы қорғаныста сауатты қимылдап, қарсы шабуылға иек артты. Ол Назымның алға ұмтылған сәттерін күтіп алып, орта қашықтықта дәл соққылар жасауға тырысты.

Қызайбай көбіне оң қолымен белсенді жұмыс істеп, қарсыласын алдауға арналған қозғалыстар арқылы шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен бірінші раундта төрешілердің басым бөлігі басымдықты таиландтыққа берді.

Екінші раундта қарқынын арттырды

Екінші раундта жағдай өзгере бастады. Екі боксшы да солақай тұрысқа ауысып, жекпе-жек қарқыны күшейді. Дәл осы сәттен бастап тәжірибелі Назым Қызайбай қарсыласының стиліне бейімделіп, өз ырғағын таба алды.

Натича орта қашықтықта әлі де қауіпті көрінгенімен Назым жақын арақашықтықта басымдық танытты. Ол қарсыласын арқанға қарай ығыстырып, екі қолымен ауыр соққыларын жеткізе бастады. Осылайша қазақстандық боксшы кездесудің бағытын біртіндеп өз пайдасына бұрды.

Қызайбай шешуші раундта тәжірибесін көрсетті

Үшінші раундта Назым Қызайбай ұзын қолды қарсыласына толық бейімделді. Таиланд өкілі арақашықтықты үзіп, аяқпен жұмыс істеу арқылы басымдық алуға тырысқанымен қазақ боксшысы сабыр сақтады.

Назым қарсыласын қуып кетпей, керісінше оның жақындаған сәтін күтіп алып отырды. Сол қолымен дәл джебтер жасап, тай боксшысын қателікке итермеледі. Қызайбай қарсыласының шегінген тұстарын да тиімді пайдаланып, қажетті ұпайларды жинай білді.

Жекпе-жек қорытындысы бойынша Назым Қызайбай қарсыласын төрешілердің бөлек шешімімен жеңіп, әлем кубогының финалына жолдама алды.

Реклама
Реклама