Саматәлі Төлтаев Алматыда кәсіпқой рингке қайта оралады
Отандасымыздың жекпе-жегі 25 шілде күніне жоспарланған.
Қазақстандық боксшы Саматәлі Төлтаев келесі жекпе-жегін Алматыда өткізеді. Отандасымыз 25 шілде күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін бокс кешіне қатысады.
Саматәлі Төлтаев кәсіпқой рингте әзірге жеңіліссіз келеді. Оның еншісінде 7 жеңіс бар, соның төртеуін нокаутпен аяқтаған.
Соңғы жекпе-жегінде нокаутпен жеңген
Қазақстандық боксшы бұған дейінгі кездесуін 4 сәуірде Таиландтың Бангкок қаласында өткізді. Ол вьетнамдық Хонг Куан Диньмен жұдырықтасып, алтыншы раундта нокаутпен жеңіске жетті.
Айта кетейік, 25 шілдеде Алматыда өтетін бокс кешінің басты оқиғасы Әли Ахмедовтың айқасы болмақ. Қазақстандық боксшы жартылай ауыр салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін рингке шығады.
Әли Ахмедовтың қарсыласы — Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Асемахле Веллем. Ахмедовтың кәсіпқой рекорды — 25 жеңіс, 2 жеңіліс, 17 нокаут. Ал Веллемнің еншісінде 11 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең нәтиже және 6 нокаут бар.