Жәнібек Әлімханұлы "Канелоға" қарсы жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады

Бокс шолушысы
Бүгін, 07:55

Отандасымыз мексикалық жұлдызбен айқасу үшін суперорта салмаққа көтерілуге дайын екенін айтты.

NUR.KZ

Қазақстандық боксшы, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық жұлдыз Сауль "Канело" Альвареспен жұдырықтасу үшін салмақ ауыстыруға дайын. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды. 

"Жәнібек — "Канело"! Бұл жекпе-жек — менің мақсатым! Мен суперорта салмаққа көтерілуге дайынмын! Бұл айқасты көптеген жанкүйер де көргісі келетініне сенімдімін", — деп жазды қазақстандық боксшы.

Қазір Жәнібек орта салмақта өнер көрсетеді. Бұл дивизионның лимиті — 72,6 келі. Ал "Канело" Альварес жұдырықтасатын екінші орта салмақтың шегі — 76,2 келі.

Скриншот

Демек, мексикалық жұлдызбен кездесу үшін Әлімханұлына 3,63 келі, яғни 8 фунт жоғары салмаққа көтерілу қажет.

Жәнібек рингке қашан оралады?

2026 жылдың басында Дүниежүзілік бокс ұйымы WBO Жәнібек Әлімханұлын мельдонийге тапсырған сынамасы оң нәтиже бергеннен кейін бір жылға шеттеткен еді. Бұл шектеу 2026 жылдың желтоқсанына дейін күшінде болады.

Осы жағдайға байланысты қазақстандық боксшының WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лараға қарсы өтуі тиіс ірі біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды.

Соған қарамастан WBO Жәнібектің орта салмақтағы әлем чемпионы атағын өзінде қалдырды. Ал IBF ережені бұзғаны үшін қазақстандық боксшыны өз белбеуінен айырған болатын.

"Канелоның" келесі қарсыласы белгілі

Сауль "Канело" Альварестің келесі жекпе-жегі ресми түрде 2026 жылдың 12 қыркүйегіне жоспарланған. Ол Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Riyadh Season жобасы аясында өтеді.

Мексикалық боксшының қарсыласы — жеңіліп көрмеген француз Кристиан Мбилли. Бұл кездесу екінші орта салмақта ұйымдастырылып, Мбиллиге тиесілі WBC әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

"Канело" үшін бұл айқас америкалық Теренс Кроуфордтан жеңілгеннен кейінгі рингке қайта оралу болмақ.

Реклама
Реклама