Шұғыла Нәлібай финалда үндістандық боксшыға мүмкіндік бермеді (ВИДЕО)

Футбол шолушысы
Бүгін, 16:20

Қазақстандық боксшы Джакартада U-23 Азия чемпионатының финалында Мусканды жеңіп, алтын медаль иеленді.

Instagram/@boxingkazakhstan

5:0 есебімен басталған финал

Нәлібай алғашқы раундтан бастап қарсыласына қысым көрсетті. Нәтижесінде бес төреші де бірінші үш минуттықты отандасымыздың пайдасына бағалады. 

Екінші раундта да Шұғыла жекпе-жек тізгінін қолынан шығарған жоқ. Дәл соққыларымен және қарқынды шабуылдарымен басымдықты арттырып, төрешілердің бірауыздан қолдауына ие болды.

Шешуші үшінші раундта үндістандық боксшы кездесу барысын өзгерте алмады. Шұғыла жекпе-жекті толық бақылауда ұстап, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.

Осылайша қазақ қызы 75 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанды. Бұл Қазақстан құрамасының 2026 жылғы жастар арасындағы құрлықтық додадағы алтыншы алтын медалі болды.

Қазақстан құрамасының алтын жүлдегерлері

Бұған дейін финалдық кездесулерінде Камила Оспанова, Айдана Ұбайдуллақызы, Зарина Толыбай, Гүлназ Бөрібаева және Азиза Исина жеңіске жетіп, Азия чемпиондары атанған еді.

Айта кетейік, жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымына қарасты Asian Boxing федерациясының аясында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы турнир 2025 жылдың тамыз айында Таиланд астанасы Бангкокте өткен.

Реклама
Реклама