Қарсыластарын жайпап өтті: Бақдәулет Ағабек әлем чемпионы атанды (ВИДЕО)
Бақдәулет Ағабек Бакуде күрестен 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Қарсыласына мүмкіндік бермеді
Ағабек 48 келі салмақтағы алтын медаль үшін өткен белдесуде үндістандық Аарьян Аарьянмен кездесті. Қазақстандық балуан жекпе-жектің алғашқы минуттарынан басымдықты өз қолына алып, қарсыласына бірде-бір ұпай бермеді. Белдесу 10:0 есебімен аяқталып, Ағабек техникалық басымдықпен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Бақдәулет Ағабек барлығы бес белдесу өткізді. Іріктеу кезеңінде тәжікстандық Муслихиддин Ходжиевті 10:0 есебімен жеңді. Бұдан кейінгі 1/8 финалда болгариялық Эмир Джеватовтан да дәл сондай есеппен басым түсті.
Ширек финалда қазақ балуаны Моңғолия намысын қорғаған Темулэн Усухбаярға еш мүмкіндік қалдырмай, тағы да 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Жартылай финалдағы тартысты белдесу
Ағабек үшін турнирдегі ең қиын кездесу жартылай финалда болды. Ол өзбекстандық Фарух Махмудовпен ақтық белдесу жолдамасын сарапқа салды. Боз кілемдегі тартыста Бақдәулет Ағабек 7:3 есебімен қарсыласын қапы қалдырды.
Қазақ балуаны бес белдесуде жалпы 47 ұпай жинады. Ал оның қарсыластары бар болғаны үш ұпай еншіледі. Бес кездесудің төртеуін 10:0 есебімен техникалық басымдық арқылы аяқтады.