Шавкат Рахмонов "Қазақстандық Макгрегорге" қарсы шықты (ВИДЕО)

Бокс шолушысы
03.08.2026, 20:50

UFC-де жеңілмеген Шавкат Рахмонов ауыр тізе жарақатынан кейін бабына келуді жалғастырып жатыр.

instagram.com/shavkatrakhmonov94/

Фаниль Рафиковпен жұдырықтасты

Желіде Шавкат Рахмонов пен қазақстандық ММА файтері Фаниль Рафиковтың жаттығу сәтінен видео тарады. Кадрларда файтерлер негізінен бокс мәнерінде жұмыс істейді. Қолмен соққы алмасып, аяқпен қозғалу, арақашықтықты сақтау және қорғаныс әрекеттерін пысықтаған.

Жарияланған эпизодта күрес тәсілдері мен партерге ауыстыру әрекеттері қолданылмаған.

Жанкүйерлер Шавкат Рахмоновтың қазіргі физикалық жағдайына ерекше назар аударды. Ол тізесіндегі ауыр жарақаттың қайталануына байланысты ұзақ уақыт октагоннан тыс қалды.

2026 жылдың басында Германияда оның айқас байламдарына операция жасалған. Осыдан кейін файтер ұзақ мерзімді оңалту курсынан өтті.

Соңғы мәлімет бойынша Шавкаттың емдеуші дәрігері Михаил Маркварт кәсіби мансабын жалғастыруға қойылған медициналық шектеулерді алып тастаған.

UFC-ге қашан оралады?

Енді қазақстандық файтердің октагонға оралу мерзімі қажетті спорттық бабын қаншалықты жылдам жинайтынына және UFC турнирлерінің кестесіне байланысты болады. Рахмоновтың келесі жекпе-жегін 2027 жылдың басында өткізуі мүмкін екені айтылып жүр.

31 жастағы қазақстандық файтер кәсіби мансабында 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның еншісінде сегіз нокаут, 10 жеңіс ауырту немесе қылқындыру әдісімен және бір жеңіс төрешілер шешімімен бар.

Рафиковты неге “Қазақстандық Макгрегор” деп атайды?

Фаниль Рафиковқа “Қазақстандық Макгрегор” атауы жекпе-жек өткізу мәнеріне байланысты емес, оның жарқын трэш-тогы мен айқастарды насихаттау қабілетіне орай берілген.

Ол қарсыластарына жиі ашық үндеу жасап, өткір мәлімдемелері арқылы жекпе-жектеріне қызығушылықты арттырады. Осы қасиеттері жанкүйерлерге ирландиялық Конор Макгрегорды еске салады.

Рафиковтың ресми лақап аты – “Ноғай”. Ал “Қазақстандық Макгрегор” деген теңеу БАҚ пен жанкүйерлер арасында қалыптасқан бейресми атау саналады.

Реклама
Реклама