Қазақстандық әлем чемпионы Азия ойындарынан тыс қалды
Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Жапониядағы Азия ойындарына қатыспайды.
Тәшкенбайдың салмағы бағдарламаға енбеді
23 жастағы қазақстандық боксшы маусымның басты жарыстарының біріне қатыса алмайды. Азия ойындарындағы ерлер бәсекесі небәрі алты салмақ дәрежесінде өтеді. Олардың ішіндегі ең жеңілі – 55 келіге дейінгі санат. Ал Санжар Тәшкенбай 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Сондықтан оның Азия ойындарына қатысуына мүмкіндік жоқ.
Тәшкенбай 2023 жылы Ташкенттегі әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта топ жарды. 2025 жылы Ливерпульдегі дүниежүзілік додада 50 келіде екінші әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Қазақстан бокс федерациясы 50 келіге дейінгі салмақтың Олимпиада бағдарламасына енгізілмеуі халықаралық ұйымдардың шешімі екенін хабарлады.
“50 келіге дейінгі салмақ дәрежесін Олимпиада бағдарламасына қоспау туралы шешімді Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымы бірлесіп қабылдады. Сонымен қатар Азия құрлығында жеңіл салмақтарда мықты боксшылардың өте көп екенін ескеру қажет.
Сондықтан бұл салмақты бағдарламаға қайтару мәселесі көптеген ұлттық федерациялар үшін әлі де өзекті. Келесі олимпиадалық кезеңде аталған санат қайта енгізілуі мүмкін. Бірақ әзірге ресми шешім қабылданбағандықтан бұл туралы нақты айтуға ерте”, – деп мәлімдеді федерация өкілдері.
Басқа салмаққа ауыса ма?
Қазақстан ерлер құрамасының Азия ойындарына баратын соңғы құрамы әзірге жарияланған жоқ. Тәшкенбайдың 55 келіге дейінгі салмаққа ауысу мүмкіндігі де қарастырылмай отыр. Себебі бұл санатта тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан бар.
Санжар Тәшкенбай осы олимпиадалық кезеңде Азия чемпионатына, әлем чемпионатына және Әлем кубогына қатыса алады. Дегенмен салмақ дәрежесінің болмауына байланысты кешенді жарыстардан тыс қалады. Ол 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатында ерлер арасында Қазақстан тарихында алғашқы үш дүркін әлем чемпионы атануға мүмкіндік алады.
Азия ойындары қашан өтеді?
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында ұйымдастырылады.
Бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамының Азия ойындарына қатысатын боксшылары жарияланды. Команда сапына төрт әлем чемпионы енді. Ал Азия чемпионы Дина Исламбекованың салмағы жарыс бағдарламасында болмағандықтан құрамнан тыс қалды.