Назым Қызайбай Жапонияда бұрын-соңды жеңбеген жүлдеге таласады

Спорт шолушысы

Қазақстан әйелдер құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын боксшылары анықталды.

Назым Қызайбай Жапонияда бұрын-соңды жеңбеген жүлдеге таласады
instagram/@boxingkazakhstan

Қызайбай 54 келіде жұдырықтасады

Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы негізгі үміттерінің бірі – 32 жастағы Назым Қызайбай. Үш дүркін әлем чемпионы Жапонияда 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Тәжірибелі боксшы бұған дейін Азия ойындарында алтын медаль алмаған. Сондықтан 2026 жылғы додада оның жеке жүлде қоржынында жетіспейтін атақты иеленуге мүмкіндігі бар.

Азия ойындарына баратын боксшылар:

  • 51 келіге дейін Алуа Балқыбекова (екі дүркін әлем чемпионы)
  • 54 келіге дейін Назым Қызайбай (үш дүркін әлем чемпионы)
  • 60 келіге дейін Виктория Графеева (әлем чемпионатының күміс жүлдегері)
  • 65 келіге дейін Аида Әбікеева (екі дүркін әлем чемпионы)
  • 75 келіге дейін Наталья Богданова (әлем чемпионы)            

Осылайша әйелдер құрамындағы бес боксшының төртеуі әлем чемпионатында топ жарған. 

Бас бапкер боксшылардың жағдайын айтты

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатқанын мәлімдеді.

“Барлығы белгіленген жоспар бойынша өтіп жатыр. Қыздардың көңіл күйі жақсы, бәрі сау, жарақат алғандар жоқ. Жарысқа бір ғана мақсатпен – жоғары нәтиже көрсету үшін барамыз. Әр боксшы өз мүмкіндігін толық танытып, бар күшін салуға дайын. Сондықтан сәтті өнер көрсетеміз деп сенеміз”, – деді Елдос Сайдалин Ұлттық олимпиада комитетіне берген сұхбатында.

Неліктен бес боксшы ғана бар?

Әйелдер құрамының әлем және Азия чемпионаттарымен салыстырғанда аз боксшыдан жасақталуы Азия ойындарының регламентіне байланысты.

Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, Жапониядағы әйелдер бәсекесі тек 51, 54, 60, 65 және 75 келіге дейінгі бес салмақ дәрежесінде өтеді. Ерлер арасындағы жарыста алты салмақ санаты қарастырылған: 55, 60, 70, 80, 90 және 90 келіден жоғары.

2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында ұйымдастырылады. Құрлықтық дода 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.