"Ұйқыны ғана ойлаймыз" - Қызайбай АҚШ-тағы ауыр жаттығулар жайлы

Спорт шолушысы
Бүгін, 22:04

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының қалай өтіп жатқанын баяндады.

instagram.com/nazym_kyzaibay09/

Боксшылар АҚШ-та дайындалып жатыр

Қазақстан құрамасының боксшылары 5 шілдеде Лос-Анджелеске келді. Санта-Моникадағы оқу-жаттығу жиыны 36 күнге жоспарланған және 8 тамызда аяқталады.

Дайындық барысында жалпы дене шынықтыру жаттығулары мен америкалық кәсіпқой боксшыларға қарсы спаррингтерге басымдық берілуде. Бұл жиын Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықтың бір бөлігі саналады.

Қазақстан құрамасының капитаны жоғары жүктемеден кейін боксшылардың демалуға және қаланы аралауға күші қалмағанын жеткізді.

“Әр күніміз бірдей өтті: жаттығу, қалпына келу және қайтадан жаттығу. Бірақ біз мұнда дәл осы мақсатпен келдік. Соңғы күндері спаррингтер өткіздік. Жалпы алғанда жиын өте нәтижелі болды”, – деп жазды Назым Қызайбай әлеуметтік желіде.

Боксшының сөзінше, АҚШ-қа аттанар алдында команда бос уақытта Лос-Анджелестің көрікті жерлерін аралап, белсенді демалуды жоспарлаған. Алайда ауыр жаттығулардан соң боксшылар тек тынығып, келесі сабаққа күш жинауды ойлаған.

“Тіпті демалыс күндері де бір жерге шығу қиын болды. Бар ойымыз тынығу, жақсылап ұйықтау және келесі жаттығуға күш жинау еді”, – деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Бапкерлер штабына алғыс айтты

Назым Қызайбай бүкіл жиын бойы боксшыларға қолдау көрсеткен бапкерлер штабының еңбегін ерекше атап өтті. Мамандар да отбасылары мен үйлерінен жырақта жүріп, боксшылармен бірге жұмыс істеді.

АҚШ-тағы дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан әйелдер құрамасы жаттығуын елде жалғастырады.

Реклама
Реклама