"Арена қазақтарға толар еді": Жәнібек Әлімханұлы Ширазбен айқасқа ерекше орын таңдады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) WBO чемпионы, британиялық Хамза Ширазбен (24-0-1, 19 КО) өтуі ықтимал жекпе-жектің қай қалада ұйымдастырылғанын қалайтынын айтты.
Нью-Йоркте жұдырықтасқысы келеді
Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында Ширазбен чемпиондық кездесуін АҚШ-тың Нью-Йоркте өткізгісі келетінін жеткізді.
"Top Rank Хамзамен жекпе-жегімізді ұйымдастырып, кездесу Нью-Йоркте өтеді деп үміттенемін. Өйткені ол жақта қазақтар өте көп! Арена түгелдей менің жанкүйерлеріме толар еді", – деп жазды Әлімханұлы.
Жәнібек – WBO титулына міндетті үміткер
Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираздың белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен.
Қазақстандық боксшы ұйым рейтингінде екінші орында тұрған. Ал WBO рейтингінің төртінші сатысындағы даниялық Якоб Банк чемпиондық атаққа үміткер мәртебесін беруді сұрағанымен ұйым оның өтінішін қанағаттандырмады.
WBO неге Әлімханұлына басымдық берді?
Ұйым шешім қабылдау кезінде Жәнібектің бұрынғы жетістіктерін ескерді. Әлімханұлы орта салмақта WBO чемпионы атанып, чемпиондық атағын бірнеше рет сәтті қорғаған.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы Винченцо Гуальтьериді жеңіп, IBF белбеуін иеленіп, орта салмақта екі чемпиондық титулды біріктірген.
WBO ережесіне сәйкес басқа салмақ дәрежесіне ауысқан беделді бұрынғы чемпиондарға әлемдік титул үшін жекпе-жекке таласуда белгілі бір басымдық берілуі мүмкін.
Әлімханұлы – Шираз жекпе-жегінің келіссөзі басталады
Енді Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың командалары чемпиондық жекпе-жек бойынша келіссөз жүргізуі тиіс.
Тараптар белгіленген мерзім ішінде ортақ келісімге келе алмаса, WBO жекпе-жекті ұйымдастыру құқығын анықтау үшін промоутерлік сауда өткізуі мүмкін.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақта чемпиондық атақ үшін күресу мақсатында орта дивизиондағы бұрынғы WBO белбеуінен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысатынын ресми мәлімдеген еді.