Жарнама
Жарнама

Василий Жиров мансабындағы ең басты жеңісін атады

Қазақстандық бокстың аңыздарының бірі, Атланта Олимпиадасының чемпионы спорттық мансабындағы ең маңызды жеңісін атады.

Василий Жиров мансабындағы ең басты жеңісін атады
instagram/@rockyroadteam.ad

Атланта Олимпиадасындағы жеңіс

Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында тарихи жеңісіне 30 жыл толуына орай естелігін бөлісті.

Жировтың айтуынша, кейінгі жылдары спортта да, өмірде де талай биікке көтерілгенімен, Атлантадағы алтын медаль мен Вэл Баркер кубогы оның тағдырын түбегейлі өзгерткен басты жетістіктердің бірі болып қала береді.

Боксшы сол кезеңде күн сайын залда 6-8 сағаттан жаттығып, ауыр дайындықтардан, оқу-жаттығу жиындары мен көптеген жарыстардан өткенін еске алды. Кей сәттерде физикалық тұрғыда әбден шаршағанын жасырмайды. Бірақ қандай қиындық болса да, бастаған жолынан бас тарту туралы ой болмағанын жеткізді.

Басты қару — сенім

Василий Жиров ұзақ жылдарға созылған жаттығулар оның денесін ғана емес, психологиясын да шыңдағанын атап өтті.

Оның сөзінше, уақыт өте келе бойында "мен істей аламын", "мақсатыма жетемін", "бұл жолды соңына дейін өтемін" деген берік сенім қалыптасқан. Олимпиада чемпионы дәл осы ішкі сенімді спорттағы ең маңызды қаруларының бірі деп санайды.

Анаға деген алғыс

Жиров өзінің жетістіктерінде анасының еңбегі ерекше болғанын айтты.

Боксшы анасының алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, отбасының барлық ауыртпалығын көтергенін ерекше ықыласпен еске алды. Ол анасының шексіз қолдауы мен сенімі спорттық жолында үлкен күш бергенін жеткізді.

Жировтың айтуынша, анасының ерік-жігері, төзімділігі мен еңбекқорлығы туралы жеке кітап жазуға болады.

Александр Апачинскийдің еңбегі

Олимпиада чемпионы өзінің әйгілі бапкері Александр Иванович Апачинскийге де алғысын білдірді.

Жиров жаттықтырушысының қиын кезеңдерде өзіне ғана емес, отбасына да үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті.

Оның сөзінше, бапкермен бірлескен еңбек, тәртіп пен ортақ мақсаттың арқасында қазақстандық бокс тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Вэл Баркер кубогы

Жиров 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында алтын медальмен қатар, турнирдің үздік әрі ең техникасы жоғары боксшысына табысталатын беделді Вэл Баркер кубогының иегері атанды.

Жиров бүгінде Олимпиададағы жеңісті тек бір спортшының жетістігі деп қарауға болмайтынын айтады. Кез келген үлкен жеңістің артында спортшыға сенген бапкерлер, отбасы, достар және серіктестер тұрады.

"30 жылдан кейін айтарым біреу: біз мұны жасадық, сол жолдан өттік және оның бәрі соған тұрарлық еді", — деп түйіндеді Василий Жиров.

Кәсіби бокстағы жетістіктері

"Балқаш жолбарысы" лақап атымен танылған Василий Жиров 1996 жылы Атланта Олимпиадасының чемпионы атанды.

1997 жылдың қаңтарында кәсіпқой боксқа ауысты. Кейін бірінші ауыр салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, белбеуді 1999-2003 жылдар аралығында иеленді. Чемпиондық атақты алты рет сәтті қорғалы. 

Жиров 1996 жылдың желтоқсанында АҚШ-қа қоныс аударып, танымал промоутер Боб Аруммен келісімшарт жасады. Ол Америкада ұзақ жыл өмір сүріп, кейін АҚШ азаматтығын алды.

2025 жылдың басында Дубайға көшті. Қазір ол Golden Boxing клубында жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Жарнама
Жарнама