Қазақ файтері Road to UFC турнирінің басты айқасында қарсыласын тұншықтырды
Қытайда тұратын этникалық қазақ Мақсат Қайсар Шанхайда Road to UFC 5 аралас жекпе-жек турнирінде жарқын жеңіске жетті.
Басты жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды
Мақсат Қайсар америкалық Дарриус Флауэрсті алғашқы раундта қылқындыру әдісімен тізе бүктірді. Жеңіл салмақтағы кездесу турнирдің басты оқиғасы ретінде өтіп, үш раундқа жоспарланған еді.
Қазақ файтері қарсыласын партерде сабмишн әдісімен берілуге мәжбүрлеп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Мақсат Қайсардың 12-жеңісі
Осы нәтижеден кейін Мақсат Қайсардың кәсіби мансабындағы көрсеткіші 12 жеңіс пен 5 жеңіліске жетті. Ал Дарриус Флауэрс тоғызыншы рет қарсыласына жол берді. Америкалық файтердың еншісінде 13 жеңіс, 9 жеңіліс және 1 тең нәтиже бар.
Мақсат Қайсар 2022–2025 жылдар аралығында UFC ұйымының мүшесі болды. Әлемдегі жетекші ММА промоушенінде алты жекпе-жек өткізіп, екі рет жеңіске жетті және төрт кездесуде жеңілді.
Кейін файтер UFC тізімінен шығарылған. Енді Road to UFC 5 турниріндегі сенімді жеңіс оның мансабына жаңа серпін беруі мүмкін.