MMA-дегі Қазақстан – Өзбекстан реваншы Ташкентте өтеді
Қазақстандық ММА шебері Тазабек Баянов IBA Nomad 16 турнирінде өзбекстандық Бобур Абдулазизовпен екінші рет кездеседі.
Тазабек Баянов жеңісін қайталауға дайын
Nomad Fighting ұйымы көптен күткен реваншты ресми түрде жариялады. Бұл жолы Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері NOMAD ережелері бойынша күш сынасады.
Ұйымның Instagram парақшасында алдағы кездесудің өзіндік тарихы бар екені атап өтілді.
"Бобур Абдулазизов пен Тазабек Баянов жартылай орта салмақта жұдырықтасады.
Ташкентте өтетін IBA NOMAD 16 турнирінде көптен күткен реванш ұйымдастырылады.
ММА ережелері бойынша өткен алғашқы кездесуде Тазабек қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңген еді. Енді файтерлер NOMAD ережелері аясында қайта кездеседі.
Бобур Абдулазизов бұрынғы жеңілісінің есесін қайтаруға ниетті. Ал Тазабек Баянов алғашқы жеңісінің кездейсоқ болмағанын дәлелдеуге дайын.
17 қазан. Ташкент. "Хумо Арена"", – делінген хабарламада.
Алғашқы жекпе-жек бір минутқа ғана созылған
Тазабек Баянов пен Бобур Абдулазизовтің алғашқы кездесуі 1 мамырда Ташкентте Octagon 86 турнирінде өткен.
Жартылай орта салмақтағы айқас бірінші раундтың басында-ақ аяқталды. Жеңіліп көрмеген қазақстандық файтерге қарсыласын қылқындыру әдісімен берілуге мәжбүрлеу үшін шамамен 60 секунд жеткілікті болды.
Енді Абдулазизов өз жанкүйерлері алдында қарымта қайтаруға тырысады. Баянов болса Өзбекстан астанасындағы екінші жекпе-жекте де басымдығын дәлелдеуді көздейді.