Әлімханұлы - Шираз: титулдық жекпе-жекті кім өткізетіні белгілі болды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен әлем чемпионы Хамза Шираз арасындағы міндетті титулдық жекпе-жекті өткізу құқығы үшін промоутерлік сауда өтті.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ұйымдастырған саудада британдық Queensberry промоутерлік компаниясы жеңіске жетті.
Queensberry жекпе-жекті ұйымдастыру үшін 1 001 809 доллар ұсынған. Ал Top Rank промоутерлік компаниясы 820 000 доллар көлемінде өтінім берген.
Осылайша, Queensberry Хамза Шираздың WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуін Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті түрде қорғауын ұйымдастыру құқығына ие болды. Айта кетейік, бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекіткен еді.
Жекпе-жек қайда өтуі мүмкін?
The Ring мәліметінше, жекпе-жекті өткізуге әзірге Лондон, Бирмингем немесе Нью-Йорк қалалары қарастырылып жатыр. Кездесудің ықтимал күндері ретінде 28 қараша және 5 желтоқсан аталған.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы ресми жекпе-жегін 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткізіп, Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген болатын. Қазақстандық боксшы қазір рингке қайта оралуға және екінші орта салмақтағы дебютіне дайындалып жатыр.
Ал Хамза Шираз WBO чемпионы атағын 2026 жылдың мамырында Алем Бегичті жеңу арқылы иеленді. Шираз шілде айында Симон Захенхуберді жеңіп, чемпиондық белбеуін бір рет қорғап үлгерді.