Азиада-2026: Сабыржан Аққалықов алғашқы айқасында жеңіліп қалды
Отандасымыз төрешілер шешімімен Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сонға есе жіберді.
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти мен Нагоясында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы бокс бәсекесін күтпеген нәтижемен бастады.
Ел атынан рингке бірінші болып шыққан Сабыржан Аққалықов 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/8 финалда жарыстан шығып қалды.
Үш раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сон төрешілер шешімімен жеңімпаз деп танылды. Есеп – 3:2. Осылайша, Ким Мин Сон ширек финалға өтсе, Қазақстан құрамасының өкілі Азия ойындарындағы жорығын алғашқы жекпе-жектен кейін аяқтады.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов бұған дейін жастар арасында әлем чемпионы атанып, 2025 жылғы ересектер арасындағы IBA әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Қазақстаннан тағы он боксшы жарысты жалғастырады
2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан ерлер арасында алты, әйелдер арасында бес салмақ дәрежесінде ұсынылған.
Бокс турнирі 2 қазанға дейін, ал Азия ойындарының өзі 4 қазанда аяқталады.