Айбек Оралбай Қазақстанға Азиада боксында алғашқы медаль әкелді
Қазақстандық боксшы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарының жартылай финалына шықты.
Ширек финалдағы сенімді жеңіс
Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі ширек финалда қырғызстандық Мырзақыр Қошалиевпен кездесті. Үш раундқа созылған жекпе-жек қорытындысында қазақстандық боксшы бірауыздан төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осылайша Оралбай жартылай финалға жолдама алып, кемінде қола медаль еншіледі. Ал Мырзақыр Қошалиев жүлде үшін таласты тоқтатты.
Айбек Оралбай халықаралық аренада тәжірибелі әрі атақты боксшылардың бірі саналады. Ол:
2025 жылғы World Boxing әлем чемпионы;
2022 жылғы Азия чемпионы;
2024 жылғы Азия чемпионы;
2026 жылғы Азия чемпионы.
Ал оның қарсыласы Мырзақыр Қошалиев бұған дейін 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жетіп, 23 жасқа дейінгі құрлық біріншілігінде күміс жүлдегер атанған.
Қазақстан бокста алғашқы жүлдесін алды
Айбек Оралбайдың бұл нәтижесі Қазақстан құрамасы үшін Азиада-2026 бокс турниріндегі алғашқы медаль болды.
Бұған дейін жарысты Оразбек Асылқұлов (60 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг) және Аида Әбікеева (65 кг) аяқтаған еді. Қазақстан құрамасының тағы бес боксшысы ертең ширек финалдық жекпе-жектерін өткізеді.